"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 тамыздағы № 693 қаулысы

Мәтін

Ресми жарияланым

Ақпарат

Өзгерістер тарихы

Сілтемелер

Көшіру

Басқа

    Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

    «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

    Қазақстан Республикасының

    Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының Заңы

    Осы Заң міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

    1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

    1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

    1) аударымдар – жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қорға төлейтін, медициналық қызметтерді тұтынушыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алу құқығын беретін ақша;

    2) аударымдарды және жарналарды есепке алу жөніндегі уәкілетті ұйым (бұдан әрі - орталық) - өңірлерде құрылымдық бөлімшелері бар Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

    3) аударымдар мен жарналарды төлеушілер (бұдан әрі – төлеушілер) – қорға аударымдар мен жарналарды осы Заңда белгіленген тәртіппен аударуды және төлеуді жүзеге асыратын тұлғалар;

    4) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – жарналар мен аударымдарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді сатып алуды көздейтін көлемдер мен шарттарда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтерін сатып алу мен ақы төлеуді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

    5) жарналар – осы Заңның 14-бабының 2-тармағымен көзделген жарналар төлеушілер қорға төлейтін, медициналық қызметтерді тұтынушыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алу құқығын беретін ақша;

    6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

    7) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;

    8) денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу – медициналық қызметті сатып алу шартын жоспарлау, таңдау, жасасу және орындау;

    9) қордың активтері - аударымдар, жарналар, аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзiмi өтiп кеткендiгi үшiн алынған өсiмпұл, инвестициялық кіріс және қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны, денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне ақы төлеуге бағытталған қаражатты және қате есептелген немесе артық төленген қаражатты қайтаруды шегерiп тастағанда, қорға түсетiн Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де түсiмдер;

    10) медициналық қызметті сатып алу шарты (бұдан әрі – қызметті сатып алу шарты) – қор мен денсаулық сақтау субъектісінің арасындағы медициналық қызметті тұтынушыларға медициналық көмек көрсетуді көздейтін жазбаша нысандағы келісім;

    11) Медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия (бұдан әрі - біріккен комиссия) – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жетілдіру және медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылатын, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның жанындағы консультациялық-кеңесші орган.

    12) медициналық қызметтерді тұтынушы – осы Заңға сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы бар жеке тұлға;

    13) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – медициналық қызметтерді тұтынушыларға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры активтерінің есебінен медициналық көмек көрсету бойынша құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру шараларының жиынтығы;

    14) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қатысушыларының арасындағы қатынастарды реттейтін, мемлекет белгілейтін нормалар мен қағидалардың жиынтығы;

    15) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек – міндетті медициналық сақтандыру қоры активтерінің есебінен медициналық қызметтерді тұтынушыларға ұсынылатын медициналық көмек көлемі;

    16) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі (бұдан әрі - қатысу өтілі) – аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу жүзеге асырылған кезең;

    17) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандыру мерзімі (бұдан әрі – сақтандыру мерзімі) – қатысу өтілі үзілген кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығы сақталатын кезең.

    2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

    1. Осы Заң азаматтардың денсаулығын қорғауға конституциялық құқықтарын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.

    2. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды пайдаланады және міндеттер алады, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе.

    3-бап. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік

            медициналық сақтандыру туралы заңнамасы

    1. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

    2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

    3. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметі туралы заңнамасының күші қолданылмайды.

    4-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

            қағидаттары

    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру:

    1) Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру туралы заңнамаларын сақтау мен орындаудың жалпыға бiрдейлiгi;

    2) аударымдар мен жарналарды төлеудің міндеттілігі;

    3) мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі;

    4) көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі және сапасы;

    5) қордың активтерін тек қана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге пайдалану;

    6) қордың қызметiндегі жариялылық қағидаттарына негізделеді.

    5-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

            жүйесінде медициналық көмекке құқық

    1. Мына азаматтардың:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке жүгінген айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде (осы кезеңде аударымдар мен жарналардың үзілуіне қарамастан) кемінде екі айда аударымдар және (немесе) жарналар төлеу жүзеге асырылған;

    2) оқу аяқталған жылдан кейінгі жылдың күнтізбелік он екі айы ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алған;

    3) осы Заңның 28-бабының 4-тармағына сәйкес қорға жарналар төлеуден босатылған тұлғалардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке құқығы бар.

    2. Төлеушілердің қатысу өтілі үзілген кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде оларға медициналық көмек көрсету сақтандыру мерзімі ішінде жүзеге асырылады.

    3. Қорға аударымдары және (немесе) жарналары түспеген не қорға жарналар төлемеген азаматтарға «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі көрсетіледі.

    6-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

            жүйесінде денсаулық сақтау ұйымын таңдау құқығы

    1. Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын таңдауға құқығы бар.

    Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

    2. Азаматтардың жоспарлы медициналық көмек алу жағдайларында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымын таңдауға құқығы бар.

    3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау ұйымын таңдау құқығы азаматтарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке құқық туындаған кезден бастап пайда болады.

    7-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

            жүйесіндегі медициналық көмек нысандары

    1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке:

    1) уәкілетті орган айқындайтын ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасымен көрсетілетін стационарлық медициналық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларға қатысты медициналық көмекті қоспағанда);

    2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларға қатысты медициналық көмекті қоспағанда);

    3) жоғары технологиялық көрсетілетін медициналық қызметтер;

    4) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;

    5) уәкілетті орган белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейірбике күтімі кіреді.

    2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес жүзеге асырылады.

    3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесін Медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияның ұсынымдарын ескере отырып уәкілетті орган қалыптастарады.

    8-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

            қаражатының сақталуын қамтамасыз ету

    1. Мемлекет қордың активтерінің сақталуы мен нысаналы пайдаланылуына кепілдік береді.

    2. Қордың активтерінің сақталуы:

    1) қордың қаржылық жағынан орнықтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің белгілеуі арқылы қордың қызметін реттеу;

    2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы инвестициялық қызметті жүзеге асыру;

    3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде қордың активтерін инвестициялық басқару жөніндегі барлық операцияларды есепке алу;

    4) қордың өз қаражаттары мен активтерін бөлек есепке алуды жүргізу;

    5) жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізу;

    6) қордың тұрақты қаржылық есептілігін Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беру;

    7) қордың активтерін инвестициялауға арналған қаржылық құралдардың тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің айқындауы арқылы қамтамасыз етіледі.

2-тарау. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін мемлекеттік реттеу

    9-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін

            реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар

    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін мемлекеттік реттеуді:

    1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

    2) уәкілетті орган;

    3) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

    10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

    Қазақстан Республикасының Үкіметі:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесін бекітеді;

    2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен қорды құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдайды;

    3) қордың активтерін инвестициялау үшін қаржылық құралдар тізбесін айқындайды;

    4) жыл сайын қордың қызметін қамтамасыз етуге жіберілетін, қордың активтерінен түсетін комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын белгілейді;

    5) күтпеген шығыстар мен түсімдерді жабуға қордың резервтерінің мөлшерлерін белгілейді;

    6) қордың қаржылық жағынан орнықты болуын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді белгілейді;

    7) оған Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелетін өзге де функцияларды орындайды.

    11-бап. Уәкілетті органның құзыреті

    Уәкілетті орган:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтерге арналған тарифтердің мөлшерлерін және оларды қалыптастыру әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

    2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесін қалыптастырады;

    3) аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару мерзімдері мен тәртібін әзірлейді және айқындайды;

    4) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қатысу өтілін есептеу тәртібін және сақтандыру мерзімін әзірлейді және айқындайды;

    5) күтпеген шығыстар мен түсімдерді жабуға қордың резервтерінің мөлшерлерін әзірлейді;

    6) қордың қаржылық жағынан орнықты болуын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді әзірлейді;

    7) жыл сайын қордың қызметін қамтамасыз етуге жіберілетін, қордың активтерінен түсетін комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын белгілеу туралы ұсынысты әзірлейді;

    8) қордың активтерін инвестициялау үшін қаржылық құралдар тізбесін әзірлейді;

    9) бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қордың қаржылық және өзге де есептіліктерінің тізбесін, нысандарын, оларды ұсыну мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;

    10) қордың атқарушы органының бірінші басшысын тағайындайды;

    11) атқарушы органның бірінші басшысын қоспағанда, қордың басшы қызметкерлерін тағайындауды келіседі;

    12) қордың қаржылық жағынан орнықтылығын талдауды, бағалау мен бақылауды жүзеге асырады;

    13) қордың қызметіне «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ішкі бақылауды жүзеге асырады;

    14) өзінің бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті қордың қызметі туралы мәліметтер алуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардан мәліметтер алуға құқылы;

    15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

    12-бап. Облыстардың, астананың және республикалық маңызы

             бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының

             құзыреті

    Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке азаматтардың құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;

    2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің жоспарлануын қамтамасыз етеді;

    3) облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органдары айқындайтын тізбе бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде мамандандырылған медициналық көмекті және жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді алу үшін тұрақты тұратын елді мекеннен тыс жерге шығатын азаматтардың жекелеген санаттарына ел ішінде жол жүру ақысын төлейді.

3-тарау. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары

    13-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

             жүйесінің қатысушылары

    Мыналар:

    1) аударымдар мен жарналар төлеушілер;

    2) медициналық қызметтерді тұтынушылар;

    3) денсаулық сақтау субъектілері;

    4) уәкілетті орган;

    5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;

    6) қор;

    7) орталық;

    8) өзге уәкілетті органдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылады.

    14-бап. Төлеушілер

    1. Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі арқылы қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаларды, сондай-ақ олардың шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарын, өкілдіктерін қоса алғанда, осы Заңның 6-тарауында белгіленген тәртіппен аударымдарды есептейтін және төлейтін жұмыс берушілер аударымдарды төлеушілер болып табылады.

    2. Мыналар:

    1) мемлекет;

    2) жұмыскерлер;

    3) жеке кәсіпкерлер;

    4) жекеше нотариустар;

    5) жеке сот орындаушылары;

    6) адвокаттар;

    7) кәсіби медиаторлар;

    8) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар жарналарды төлеушілер болып табылады.

    Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратындар мен оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жарналарды төлеушілер болып табылмайды.

    3. Жұмыскерлердің жарналарын қорға есептеуді (ұстап қалуды) және төлеуді жұмыс берушілер жұмыскерлердің табыстары есебінен жүзеге асырады.

    4. Төлеушілердің:

    1) аударымдар мен жарналардың қате төленген сомаларын есепке жатқыздыруға және (немесе) аударымдар мен жарналардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлға;

    2) аударымдар мен жарналардың аударылған сомалары туралы қажетті ақпаратты қордан тегін сұратуға және алуға;

    3) осы Заңда көзделген өзге де құқықтарды іске асыруға құқығы бар.

    5. Жұмыскерлерді қоспағанда, төлеушілер:

    1) аударымдар мен жарналарды, сондай-ақ аударымдар мен жарналардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды уақтылы және толық көлемде төлеуге;

    2) қорға төленетін аударымдар мен жарналардың, сондай-ақ аударымдар мен жарналар уақтылы және (немесе) толық төленбеген жағдайда, өсімпұлдың мөлшерлерін есептеу мен қайта есептеуді өзі дербес жүзеге асыруға;

    3) есепке жазылған және аударылған аударымдар мен жарналар бойынша есеп-қисаптарды мемлекеттік кіріс органдарына ұсынуға;

    4) жұмыскерді ай сайынғы жүргізілген аударымдар мен жарналар туралы уақтылы хабардар етіп отыруға міндетті.

    15-бап. Медициналық қызметтерді тұтынушылар

    1. Медициналық қызметтерді тұтынушылардың:

    1) уақтылы және сапалы медициналық көмекке;

    2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде осы Заңға сәйкес медициналық ұйымды таңдауға құқығы бар.

    2. Медициналық қызметтерді тұтынушылар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген пациенттердің құқықтарын пайдаланады.

    3. Медициналық қызметтерді тұтынушылар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 90, 92-баптарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген міндеттерді атқарады.

    16-бап. Денсаулық сақтау субъектілері

    1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілерінің:

    1) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін басқа да денсаулық сақтау субъектілерімен қормен келісім бойынша шарттар жасасуға;

    2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын түсіндіру үшін қорға өтініш жасауға құқығы бар.

    2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарына деректердің уақтылы, анық және дұрыс енгізілуін;

    2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ресурстарына қолжетімділікті;

    3) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуын бақылау үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы қордың сұрау салуы бойынша беруге;

    4) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуын мониторингілеу үшін медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын медициналық ұйымның аумағына және үй-жайына қордың талап етуі бойынша қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.

    3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілерінің «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген міндеттері болады.

    17-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

             жүйесінде орталықтың функциялары

    1. Орталық:

    1) жеке сәйкестендiру нөмiрi негізінде аударымдар мен жарналардың есебін жүзеге асырады және мемлекеттік кіріс органдарымен бірге аударымдар мен жарналардың түсімін салыстыруды жүргізеді;

    2) банктiк үш күн iшiнде аударымдар мен жарналарды қорға аударады;

    3) аударымдардың, жарналардың артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) аударымдар мен жарналардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдарды есепке жатқызу;

    4) аударымдар мен жарналардың қате төленген сомаларын орталық арқылы қайтару қажет болған жағдайда бұл туралы алушыға хабарлайды;

    5) аударымдар мен жарналардың қате төленген сомаларын осы қаражат қордан орталықтың шотына аударылған кезден бастап банктiк үш күн iшiнде төлеушiлерге аударуды жүзеге асырады;

    6) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, аударымдар мен жарналардың жай-күйi мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.

    Осы тармақта аталған қызмет түрлері мемлекеттік монополияға жатады.

    2. Орталық өндіретін және (немесе) жүзеге асыратын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.

4-тарау. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

    18-бап. Қордың мәртебесі мен активтері

    1. Қор акционерлік қоғам ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады, оның жалғыз құрылтайшысы мен акционері мемлекет болып табылады.

    2. Қордың активтері:

    1) аударымдар, жарналар, аударымдар мен жарналарды төлеу мерзімін өткізіп алғаны үшін алынатын өсімпұлдар, инвестициялық кіріс, қор қызметiн қамтамасыз етуге арналған коммисиялық сыйақыны шегеріп тастағанда;

    2) қорға түсетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер есебінен қалыптастырылады.

    3. Қордың активтері тек қана мына:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі шығыстар мен іс-шараларға ақы төлеу;

    2) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржылық құралдарға орналастыру;

    3) аударымдар мен жарналардың артық төленген сомаларын, өзге қате аударылған қаражаттарды қайтару мақсаттарына пайдаланылуы мүмкін.

    4. Қордың активтері:

    1) кепіл нысанасы бола алмайды;

    2) оларды кредиторлардың талабы бойынша өндіріп алуға болмайды;

    3) қамақ салу немесе мүлікке өзгеше түрде ауыртпалық салу нысанасы бола алмайды;

    4) оларды қордың және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассолық өкіммен өндіріп алуға болмайды;

    5) оларды сенімгерлік басқаруға беруге болмайды;

    6) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы бола алмайды.

    19-бап. Қордың қызметі

    1. Қор өзінің қызметін қордың активтерінен түсетін комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады. Комиссиялық сыйақының шекті шамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

    2. Қордың өз қаражаты (мүлкі) қордың жарғылық капиталынан және комиссиялық сыйақыдан қалыптасады және тұрады.

    3. Қор:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтер сатып алуды;

    2) қордың активтері мен өз қаражатының (мүліктің) бөлек есепке алынуын;

    3) көзделмеген шығыстарды жабу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен резервтерді қалыптастыруды;

    4) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке арналған шығындарды жоспарлауды;

    5) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтердің мөлшерлерін қалыптастыруға қатысуды;

    6) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарын құру мен дамытуды;

    7) өз қызметіне ішкі бақылау мен аудит жүргізуді;

    8) медициналық қызметтерді тұтынушылардың есебін жүргізуді;

    9) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің есебін жүргізуді;

    10) денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық қызметтерді тұтынушыларға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелерін орындауын бақылауды;

    11) халық пен денсаулық сақтау ұйымдарының арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері жөнінде консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізуді;

    12) азаматтар мен денсаулық сақтау субъектілерінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету мәселелері жөніндегі шағымдары мен өтініштерін қарауды;

    13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

    4. Қордың қызметіне осы Заңда реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы қолданылады.

    20-бап. Қордың құқықтары мен міндеттері

    1. Қордың:

    1) өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қордың активтерінен комиссиялық сыйақы алуға;

    2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларынан сұратуға және алуға;

    3) медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектісінің аумағына және ғимаратына барып-көру арқылы көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарттың орындалуына мониторингті жүзеге асыруға;

    4) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктерді құруға;

    5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

    2. Қор:

    1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;

    2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарында денсаулық сақтау субъектілерінің шығыстарына уақтылы ақы төленуін қамтамасыз етуге;

    3) қордың уақытша бос тұрған қаражаттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржылық құралдарға орналастыруға;

    4) жыл сайынғы аудиттің жүргізілуін қамтамасыз етуге;

    5) аударымдардың, жарналардың артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) аударымдар мен жарналардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдарды есепке жатқызуды жүзеге асыруға;

    6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді атқаруға міндетті.

    3. Қор:

    1) осы Заңда көзделген жағдайлардан басқа кезде қордың активтеріне билік етуге;

    2) осы Заңда көзделмеген кәсіпкерлік және өзге де қызметпен айналысуға құқылы емес.

    21-бап. Қордың инвестициялық қызметі

    1. Қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалатын шарт негізінде қордың активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржылық құралдарға орналастыру арқылы қор инвестициялық қызметті жүзеге асырады.

    2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру жөніндегі барлық операциялардың есебін жүргізеді, инвестициялық кіріс алған бойда және тоқсан сайын қорға жасалған шартқа сәйкес қор шоттарының және оның активтерімен инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы есеп ұсынады.

    22-бап. Есепке алу және есептілік

    1. Қор бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және қордың өз қаражаттары және активтері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бөлек қаржылық есептілікті ұсынады.

    2. Қор бухгалтерлік есепке алуда және есептілікті жасау кезінде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сақталуға жататын негізгі құжаттардың тізбесі және оларды сақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленеді.

    23-бап. Қордың аудиті

    1. Қордың аудиті Аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудит өткізуге құқылы аудиторлық ұйымдар арқылы жүргізіледі.

    2. Қордың қаржылық есептілігінің аудиторлық есебі коммерциялық құпияны құрамайды.

    3. Аудиторлық ұйым қордың жыл сайынғы аудитінің нәтижесі бойынша екі аудиторлық есеп жасайды:

    1) қордың қаржылық есебі бойынша;

    2) қордың активтері бойынша.

    Қор активтері бойынша жыл сайынғы аудиторлық есеп Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестік мәніне қор активтеріне қатысты бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібін тексеруді қамтиды.

    Қордың жыл сайынғы аудиті бойынша шығыстар қордың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

    24-бап. Қордың басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар

    1. Қор міндетті түрде ішкі аудит қызметін құрады және келесі алқалы органдарды қалыптастырады:

    1) директорлар кеңесі – басқару органы;

    2) басқарма - атқарушы орган.

    2. Атқарушы органның бірінші басшысы және оның орынбасарлары қордың басшы қызметкерлері болып танылады.

    3. Қордың басшы қызметкерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:

    білімі – жоғары кәсіптік (медициналық немесе қаржы-экономикалық);

    бағалы қағаздар нарығында және қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда кәсіптік қызметпен тікелей байланысты басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі не республикалық маңызы бар квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы басшылық лауазымдарында кемінде бес жыл жұмыс өтілінің не кемінде мемлекеттік қызметтің он жыл өтілі, оның ішінде кемінде бес жыл мемлекеттік органдардың басшылық лауазымдарында не денсаулық сақтау саласындағы басшылық лауазымдарында кемінде бес жыл жұмыс өтілінің болуы тиіс.

      4. Қордың басшы қызметкері:

      1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылыққа тартылған;

      2) бұрын осы адам осы заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңде банкрот болып танылған немесе санацияға, консервацияға, мәжбүрлеп таратуға ұшыратылған заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған тұлға бола алмайды.

5-тарау. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру

      25-бап. Қаржыландыру көздері

      1. Мыналар:

      1) жарналар мен аударымдар;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру көздері болып табылады.

      26-бап. Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық

               сақтандыруға жарналары

      1. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шет елдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды, сонымен қатар олардың отбасыларын қоспағанда, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары осы Заңның 28-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 14 және 15) тармақшаларына сәйкес, қорға жарналар төлеуден босатылған азаматтар үшін ай сайын, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған тәртіппен ағымдағы жылдың 5 күнінен кешіктірмей төленеді.

      2. Қорға төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарының мөлшері:

      2017 жылғы 1 шілдеден бастап – мемлекеттің жарналары есептелетін объектінің 4 пайызы;

      2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттің жарналары есептелетін объектінің 5 пайызы;

      2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттің жарналары есептелетін объектінің 6 пайызы;

      2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттің жарналары есептелетін объектінің 7 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      3. Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, 2 жыл бұрын өткен қаржы жылындағы орташа айлық жалақы мемлекеттің жарналарын есептеу объектісі болып табылады.

      4. Осы Заңның 28-бабының 4-тармағында көрсетілген азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары төлеу тоқтатылады.

      27-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға

               аударымдар

      1. Жұмыс берушілердің қорға төленуге жататын аударымдары:

      2017 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдар есептелетін объектінің 2 пайызы;

      2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдар есептелетін объектінің 3 пайызы;

      2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдар есептелетін объектінің 4 пайызы;

      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдар есептелетін объектінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      2. Салық заңнамасында көзделген, жұмыскерге табыс түрінде төленетін шегерімдерді қоспағанда, жұмыс берушінің шығыстары аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.

      3. Жұмыс берушілер осы Заңның 28-бабының 4-тармағында көрсетілген азаматтар үшін аударымдар төлеуден босатылады.

      28-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға

               жарналар

      1. Жұмыскерлердің қорға төленуге жататын жарналары:

      2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналар есептелетін объектінің 1 пайызы;

      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналар есептелетін объектінің 2 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      2. Жеке кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың қорға төленуге жататын жарналары:

      2017 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналар есептелетін объектінің 2 пайызы;

      2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналар есептелетін объектінің 3 пайызы;

      2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналар есептелетін объектінің 5 пайызы;

      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналар есептелетін объектінің 7 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      3. Жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын осы Заңның 29-бабына сәйкес есептелген табыстары олардың жарналарын есептеу объектісі болып табылады.

      4. Мына азаматтар:

      1) балалар;

      2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;

      3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері;

      4) жұмыс істемейтін мүгедектер;

      5) жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;

      6) интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;

      7) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан тұлғалар;

      8) баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген тұлғалар;

      9) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған тұлғалар;

      10) зейнеткерлер;

      11) әскери қызметшілер;

      12) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;

      13) құқық қорғау органдарының қызметкерлері;

      14) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан тұлғалар;

      15) уақытша ұстау изоляторында және тергеу изоляторында ұсталатын адамдар қорға жарналар төлеуден босатылады.

      29-бап. Аударымдар мен жарналар есептеу үшін қабылданатын

               табыстар

      1. Жұмыскерлердің жарналар есептеу үшін қабылданатын табыстары жұмыс берушілер есепке жазған және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген түзетулер мен шегерімдер ескеріле отырып, салық салынуға жататын табыстар болып табылады.

      2. Салық салудың жалпыға бірдей белгіленген режимін қолданатын жеке кәсіпкерлердің табыстары Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген шегерімдер ескеріле отырып, олардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алған табыстары болып табылады.

      3. Шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлердің және шаруа немесе фермер қожалықтарына арнаған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтарының табыстары тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген бір ең төменгі жалақы мөлшері болып табылады.

      4. Жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың табыстары заң көмегін көрсеткені, нотариаттық әрекеттер жасағаны үшін тиісінше төлемақыны, сондай-ақ қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеудің алынған сомаларын қоса алғанда, атқару құжаттарын орындау жөніндегі қызметті, нотариаттық, адвокаттық қызметті, кәсіби медиатордың қызметін жүзеге асырудан алынған барлық табыс түрлері болып табылады.

      5. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жеке тұлғаның табыстары уәкілетті орган айқындаған аударымдар мен жарналар төленбейтін табыстарды қоспағанда шарттардың деректері бойынша есептелген барлық табыстар болып табылады.

      6. Аударымдар мен жарналарды есептеу үшін қабылданған ай сайынғы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген ең төмен жалақының жетпіс бес еселенген мөлшерiнен аспауы тиіс.

      Егер күнтізбелік ай үшін аударымдар мен жарналарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төменгі жалақы мөлшерiнен кем болса, онда аударымдар мен жарналар ең төменгі жалақы мөлшері негізге алына отырып есептеледі, аударылады.

      7. Жарналар төленбейтін табыстарды уәкілетті орган айқындайды.

6-тарау. Аударымдар мен жарналарды есептеу және төлеу тәртібі

      30-бап. Аударымдар мен жарналарды есептеу және аудару

      1. Жұмыскерлердің аударымдары мен жарналарын есептеу мен аударуды жұмыс беруші ай сайын жүзеге асырады.

      2. Жеке кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың жарналарын есептеу мен төлеуді олар қаражатты екінші деңгейдегі банктер арқылы, орталық арқылы қордың шотына тікелей есепке жатқызу жолымен өздері дербес жүзеге асырады.

      3. Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша оның филиалдары мен өкілдіктері аударымдар және (немесе) жарналарды төлеушілер ретінде қарастырылуы мүмкін.

      4. Аударымдар және (немесе) жарналар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленеді.

      5. Есептелген (ұстап қалынған) аударымдар және (немесе) жарналар орталық арқылы қордың шотына аударылады:

      1) жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар ( осы тармақтың 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан басқа) жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар – есепті айдан кейiнгi айдың 25-iнен кешiктiрмей төлейдi;

      2) жеке кәсіпкерлер (осы тармақтың 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген жеке кәсіпкерлерден басқа) жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар өз пайдасына - есепті айдан кейiнгi айдың 25-iнен кешiктiрмей төлейдi;

      3) арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіпте және мерзімде төлейді;

      4) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын шағын бизнес субъектілері - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде төлейді;

      5) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер – патенттің құнын төлеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде төлейді.

      6. Банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан аударымдар мен жарналардың сомасына төлем тапсырмасының акцептін алған күн – қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылатын аударымдар мен жарналарды төлеу күні болып, ал қолма-қол ақша нысанында жүзеге асырылған кезде төлеушінің аударымдарды және (немесе) жарналарды банкке енгізген кезінен бастап есептеледі.

      7. осы Заңның 31 бабының 1 тармағына сәйкес аударымдарды және (немесе) жарналарды және өсімпұлдардың толық және уақтылы төленуін жүзеге асыруды бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

      31-бап. Төлеушінің аударымдар мен жарналарды уақтылы

               аудармағаны үшін жауапкершілігі

      1. Аударымдардың және (немесе) жарналардың уақтылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе олар төлеушінің өткізіп алынған әр күн үшін (қорға төлеу күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде есептелген өсімпұлмен бірге қор шотына төлеуіне жатады.

      2. Аударымдар және (немесе) жарналар толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары төлеушінің банктік шоттарынан қалыптасқан берешек шегінде ақша өндіріп алуға құқылы.

      Аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өндіріп алу төлеушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен хабарлама жібере отырып, мемлекеттік кіріс органының инкассалық өкімі негізінде жүргізіледі.

      Мұндай хабарлама, егер аударымдар және жарналар бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомадан аспаса, жіберілмейді.

      Төлеуші өздері үшін аударымдар және (немесе) жарналар жүргізілетін жұмыскерлердің тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мерзімдерде мемлекеттік кіріс органына ұсынады.

      Төлеушіге қойылған барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шоттарда ақша болмаған немесе ол жеткіліксіз болған жағдайда, банк төлеушінің ақшасын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен алып қоюды жүргізеді.

      Төлеушінің ұлттық валютадағы банктік шоттарында ақша болмаған жағдайда, аударымдар және жарналар бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кіріс органдары ұлттық валютада ұсынған инкассалық өкімдер негізінде төлеушінің шетел валютасындағы банктік шоттарынан жүргізіледі.

      3. Аударымдар мен жарналар бойынша берешегі бар төлеуші жұмыскерлердің тізімін ұсынбаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органы осы баптың 2-тармағында көзделген хабарлама тапсырылған күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін төлеушінің банктік шоттары және кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.

      Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар мемлекеттік кіріс органдарының өкімі бойынша төлеушілердің банктік шоттарындағы барлық шығыс операцияларын тоқтата тұруға және аударымдар мен жарналарды, зейнетақы жарналарын және салық берешектерін аударуға қатысты нұсқауларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орындауға міндетті.

      Мемлекеттік кіріс органының банктік шоттар және касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің күшін осындай өкімді шығарған мемлекеттік кіріс органы банктік шоттар мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептері жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жояды.

      4. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар аударымдар мен жарналардың сомаларын осы сомалар төлеушінің банктік шоты есебінен шығарылған күні қордың шотына аударуға міндетті.

      5. Төлеушінің банктік шоттары және кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      32-бап. Жүргізілген аударымдар туралы хабар

      1. Жұмыс беруші болып табылатын төлеуші тоқсан сайын, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімдерде жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны табыс етеді, онда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, есепке жазылған аударымдар мен жарналар жөніндегі мәліметтерді көрсетеді.

      2. Декларацияның нысаны мен оны толтыру тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.

      3. Жұмыс берушілер уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес есептелген (ұстап қалынған) және аударылған аударымдар мен жарналардың алғашқы есебін жүргізуге міндетті;

      4. Жұмыс берушілер есепті айдан кейiнгi айдың 15-күнiнен кешiктiрмей аударымдар мен жарналар төленетін жұмыскерлерге есептелген (ұстап қалынған) және аударылған аударымдар мен жарналар туралы мәлімметті ұсынуға міндетті.

      33-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға

               аударымдар мен жарналардың қате төленген

               сомаларын және (немесе) міндетті әлеуметтік

               медициналық сақтандыруға аударымдар мен

               жарналарды уақтылы және (немесе) толық

               төлемегені үшін өсімпұлдарды есепке жатқызу


      Төлеуші қате төлеген аударымдар мен жарналардың сомалары және (немесе) аударымдар мен жарналардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

7-тарау. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде

медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау субъектілерінен

көрсетілетін қызметтерді сатып алу

       34-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

                жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша

                денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін

                қызметтерді сатып алу тәртібі

      1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қор уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мына:

      1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кірістерінің медициналық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелермен теңгерімділігі;

      2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің аумақтық жағынан қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      3) мемлекеттік және жекеше денсаулық сақтау субъектілерінің теңдігі;

      4) адал бәсеке;

      5) медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен тиімділігі қағидаттары негізінде жүзеге асырады.

      2. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде:

      1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау саласында аккредиттеуден өткен;

      2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүзеге асырылған айдың алдында үздіксіз үш жыл бойы Қазақстан Республикасының аумағында медициналық көмектің тиісті нысандарын ұсыну тәжірибесі бар денсаулық сақтау субъектілері артықшылықты құқыққа ие болады.

      3. Егер:

      1) қордың шешім қабылдау құқығы бар лауазымды адамы (не оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары) олардың құрылтайшылары, қатысушылары не акционері болып табылса;

      2) алдыңғы үш жыл ішінде қормен жасалған шартты қор оның орындалмауына, уақтылы не тиісінше орындалмауына байланысты біржақты тәртіппен бұзған болса;

      3) алдыңғы үш жыл ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету туралы шарт денсаулық сақтау субъектісінің бастамасы бойынша біржақты тәртіппен бұзылған болса;

      4) олардың қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған болса, денсаулық сақтау субъектілері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жіберілмейді.

      35-бап. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек медициналық қызметтерді тұтынушыларға осы Заңға сәйкес денсаулық сақтау субъектісі мен қор арасында медициналық көмек көрсету бойынша жүргізілген көрсетілетін қызметтерді сатып алу қорытындысы бойынша жасалған көрсетілетін қызметтерді сатып алу талаптарында ұсынылады.

      36-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

               жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша

               денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне

               ақы төлеу

      1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу:

      1) медициналық қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерді бақылау нәтижелерін;

      2) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелерін;

      3) азаматтардың осы Заңның 6-бабында көзделген тәртіппен денсаулық сақтау субъектісін таңдау құқықтарын іске асыруын ескере отырып, көрсетілген қызметтер актілерінің негізінде, уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша жүзеге асырылады.

      2. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған шарт талаптарының негізінде қор активтерінің есебінен жүзеге асырылады.

      3. Денсаулық сақтау субъектілері қордан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету шартында көзделмеген өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы емес.

      37-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

               жүйесінде медициналық қызметтер сапасын

               қамтамасыз ету

      1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер сапасы:

      1) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша клиникалық хаттамалар мен алгоритмдерді жетілдіру;

      2) медициналық ұйымдарды аккредиттеу;

      3) медициналық қызметтер сапасының ішкі сараптамасы;

      4) медицина қызметкерлеріне қосымша білім беру;

      5) медициналық қызметтер көрсету саласында мемлекеттік бақылау шараларымен қамтамасыз етіледі.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету шаралары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленеді.

      38-бап. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзу негіздері және тәртібі

1. Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын орындамауы, уақтылы немесе тиісінше орындамауы қордың біржақты тәртіппен оны бұзуы үшін негіз болып табылады.

2. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзуға сондай-ақ:

1) денсаулық сақтау субъектілерінің осы Заңның 16-бабы 2-тармағының талаптарын орындамауы;

2) денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын елеулі түрде бұзуы;

     3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген өзге де жағдайлар негіз болып табылады.

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзу осы шартты бұзу туралы тиісті хабарлама жіберу арқылы жасалады.

      4. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты осы бапта көзделген негіздер бойынша бұзылған жағдайда, көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарт бойынша міндеттемелердің көлеміне қайтадан жүргізіледі.

      39-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

 жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша

 денсаулық сақтау субъектілерінің жауаптылығы

      1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

      2. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу арналған шарт заңнамада белгіленген тәртіппен бұзылған денсаулық сақтау субъектілері көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бұзылған кезден бастап үш жыл бойы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жіберілмейді.

8-тарау. Өтпелі және қорытынды ережелер

      40-бап. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік

медициналық сақтандыру туралы заңнамасын

 бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      41-бап. Өтпелі ережелер

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап осы Заңның 5-бабы 1 тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«1) міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке жүгінген айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде (осы кезеңде аударымдар мен жарналарда үзілістердің болғанына қарамастан) кемінде алты айда аударымдар мен жарналар төлеу жүзеге асырылған».

      42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

Осы Заң 2017 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгізілетін осы Заңның 5, 6, 7-баптарын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті 

Осы бөлімде:

 

Блог руководителя

Епенова Жапырак Кенесхановна
Орталық басшысы

На сайте работает блог руководителя. Здесь вы можете ознакомиться с вопросами посетителей или задать свой вопрос.

Перейти в блог »»»